Close

29.12.2020

Мемлекеттік ғылыми стипендияны алумен құттықтаймыз!

Мемлекеттік ғылыми стипендия алуға арналған конкурстың қорытындысы шығарылды. 2020 жылғы 29 желтоқсанда ҚР БҒМ Ғылым комитеті ұйымдастырған арнайы рәсімде онлайн форматта өткен ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтар мен стипендиялардың лауреаттары жарияланды. Мемлекеттік ғылыми стипендия иегерлерінің бірі ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының қызметкері Мухамедов Нуржан Еролович болды. Нуржан Еролович реакторлық отын зертханасының бастығы болып жұмыс істейді. 2017 жылы докторантураны бітіріп, философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін «Ядролық реактордың белсенді аймағы элементтері балқымасының жылу физикалық қасиеттерін зерттеу» тақырыбында диссертация қорғады.

Нуржан Еролович реакторішілік сәулелендіру құрылғыларын әзірлеу, жобалау, дайындау және құрастыру мәселелерімен, жұмыстарды ұйымдастыру және жоспарлаумен, реакторлық және реактордан кейінгі зерттеулерді жүргізу бағдарламалары мен әдістемелерін әзірлеумен, нәтижелерді өңдеумен, есептік құжаттамаларды шығарумен айналысады. Қазіргі уақытта Н.Е. Мухамедов халықаралық (БРЕСТ, РФ), (SAIGA, Франция) және республикалық ғылыми-техникалық бағдарламалар шеңберінде орындалатын шапшаң нейтронды реакторлардың қауіпсіздігін негіздеу жөніндегі жұмысқа белсенді тартылған.

Нуржан Еролович Web of Science және Scopus дәйексөз базасына кіретін отандық және шетелдік рейтингтік журналдарда 30-дан астам ғылыми жарияланымның және өнертабысқа 5 патенттің авторы мен бірлескен авторы болып табылады. Scopus және Web of Science ғылымиметрикалық мәліметтер базасына сәйкес Хирш индексі – 2. Сонымен қатар, ол ЖОО студенттері мен магистранттары практикасының жетекшісі болды.

Әріптесімізді жеңісімен құттықтаймыз! Жаңа кәсіби биіктерге және қызықты ғылыми нәтижелерге жетуді тілейміз!