Materials Today Conference 2025
22.06.25 пен 26.06.25 аралығында Ситжес қаласында (Испания) Materials Today Conference 2025 Халықаралық конференциясы өтті.
Materials Today Conference 2025 – бұл материалтану саласындағы ең ірі халықаралық конференциялардың бірі және жаңа материалдарды жасау, зерттеу және қолданумен айналысатын ғалымдар, инженерлер мен әзірлеушілер үшін жетекші платформа. Конференция Materials Today сериясындағы журналдармен серіктестікте өтеді және жаңа ғылыми жетістіктерді ұсынуға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстар орнатуға бірегей мүмкіндік береді. Конференция энергетика, денсаулық сақтау, тұрақты даму және озық технологияларды қоса алғанда, заманауи жаһандық сын-қатерлер үшін маңызды тақырыптардың кең ауқымын қамтиды. Іс-шара бағдарламасы төрт басым бағытқа бағытталған:
- электроника және кванттық технологияларға арналған материалдар;
- энергетика және тұрақты даму материалдары;
- құрылымдық материалдар;
- медицина және денсаулық сақтау материалдары.

ҚР Ұлттық ядролық орталығының «Атом энергиясы институты» филиалының атынан ҚР ҰЯО РМК АЭИ филиалының арнаішілік сынақтар зертханасының ғылыми қызметкері Самарханов Қуаныш Қанатұлы, ҚР ҰЯО РМК АЭИ филиалының Сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзыреттер орталығының аға ғылыми қызметкері Жанболатова Ғайния Қайырдықызы және ҚР ҰЯО РМК АЭИ филиалының Сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзыреттер орталығының Сутектік және плазмалық технологиялар зертханасының аға ғылыми қызметкері Туленбергенов Тимур Рымбекович қатысты.

Қ.Қ. Самарханов сұйық фазаны ұзақ уақыт сақтауға жарамды тұрақты, аққыштық күйде емес айналдыру мақсатында БН-350 реакторының сұйық радиоактивті қалдықтарын (СРҚ) қатайту үшін перспективалық сорбенттерді таңдау және бағалау бойынша нәтижелерді ұсынды.

Конференцияда ұсынылған нәтижелер «Сұйық радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу технологиясын таңдау және іске асыру негіздемесі бойынша ҒЗЖ» (ЖРН BR24993140) тақырыбы бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды іске асыру шеңберінде орындалды.
Сондай-ақ, Қ.Қ. Самарханов ядролық және конструкциялық материалдарды сынау үшін ҚР ҰЯО эксперименттік базасына арналған баяндама жасады. Баяндама әртүрлі ядролық және құрылымдық материалдар сәулеленуге ұшыраған ҚР ҰЯО зерттеу реакторларында жүргізілген соңғы зерттеулерге баса назар аударды.


Г.К. Жанболатова механосинтез және ұшқын плазмалық бірігу әдістерін құрамдастыру арқылы LaNi5 қоспаланған титан негізіндегі сутегі жинактауыш материалдарын алу бойынша жұмыстардың нәтижелерін ұсынды.



Т.Р. Туленбергенов магнетронның әртүрлі қуаттарында атмосфералық қысым кезінде микротолқынды разрядта метан пиролизі әдісімен алынған көміртекті материалдардың материалтану зерттеуінің нәтижелерін ұсынды.



Конференцияда ұсынылған жұмыстар BR21882200 «Сутекті алуға, сақтауға және электр энергиясын өндіруге арналған инновациялық технологияларды, материалдар мен құрылғыларды әзірлеу және зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын іске асыру шеңберінде орындалды.
Жалпы алғанда, жоғары деңгей атап өтілді және ұсынылған жұмыстар бойынша оң пікірлер алынды. Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, әрбір қатысушыға, жалпы мәселеге кәсіби және жеке көзқарасты, конференцияның өте бай және қызықты бағдарламасын, өте қызықты пленарлық және секциялық баяндамаларды атап өткім келеді.