ҚР ҰЯО-да Аргон ұлттық зертханасы мен Үлбі металлургия зауыты өкілдерімен техникалық кездесу өтті
2026 жылғы 5-7 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында ҚР ҰЯО, Аргон ұлттық зертханасы (ANL, АҚШ) және «Үлбі металлургия зауыты» АҚ («ҮМЗ» АҚ) мамандарының техникалық кездесуі өтті.
Кездесу Аргон ұлттық зертханасымен ынтымақтастықта жүзеге асырылатын ИГР зерттеу реакторын төмен байытылған уран отынына конверсиялау жобасын іске асыру шеңберінде өтті. Уран-графит отынын әзірлеудің ағымдағы нәтижелеріне, оны алудың технологиялық аспектілеріне және «ҮМЗ» АҚ базасында өнеркәсіпте дайындауды ұйымдастыру мүмкіндігін бағалауға басты назар аударылды.
Бағдарламаның басым бөлігі уран-графит отынын дайындау технологиясы мәселесіне арналды. ҚР ҰЯО-ның материалтану зертханаларын аралау барысында «ҮМЗ» АҚ мамандары графит материалдарын кіру бақылау әдістерімен, оларға сіңдіру процестерімен және отын алу технологиясын зертханада өңдеу үшін пайдаланылатын жабдықтармен танысты. Сондай-ақ алынатын отын материалының сипаттамаларын зерттеу әдістері де қаралды.
Әзірленіп жатқан технология ИГР импульстік реакторын ерекше жағдайларда пайдалануға арналған уран-графит отынын қалыптастыра отырып, уранды графит матрицасының кеуекті құрылымына тікелей енгізуді көздейді. Негізгі техникалық міндеттердің бірі графиттің қажетті беріктігі мен жылу физикалық сипаттамаларын сақтай отырып, уранның талап етілетін құрамын және оның отын блогының көлемі бойынша біркелкі таратылуын қамтамасыз ету. Жоғары температуралық әсер ету жағдайында бастапқы графиттің тазалығына және отын материалы сипаттамасының тұрақтылығына ерекше назар аударылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар технологияны әзірлеудің алдағы кезеңдерін талқылады және отынды зертханада өңдеуден өнеркәсіпте дайындауға көшу мәселелерін қоса алғанда, бірлескен жұмыстардың басым бағыттарын анықтады. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру ИГР реакторының бірегей эксперименттік мүмкіндіктерін сақтай отырып, оны төмен байытылған уран отынына конверсиялау бағдарламасының маңызды кезеңі болады.


