Close

12.12.2025

ҚР ҰЯО қызметкерлері ITPA және TCP-CTP отырыстарына шақырылған бақылаушылар ретінде қатысып, Қазақстанның ХЭА токамак бағдарламасына қосылу ниеті туралы жариялады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының қызметкерлері Токамак физикасы жөніндегі халықаралық бағдарламаның үйлестіру комитетінің (Coordinating Committee of the International Tokamak Physics Activity) отырысына, сондай-ақ Токамак бағдарламалары жөніндегі Халықаралық энергетикалық агенттіктің Технологиялық ынтымақтастық бағдарламасының атқарушы комитетінің (IEA Technology collaboration programmes for Сo-Оperation on Тokamak Рrogrammes) 16-шы отырысына қатысты. Отырыстар ИТЭР халықаралық ұйымының алаңында өтті. ҰЯО қызметкерлері шақырылған бақылаушылар ретінде қатысты.

Отырыс барысында басқарылатын термоядролық синтез, диагностикалық жүйелерді дамыту, жоғары температуралы плазманың әсерінен материалдарды зерттеу саласындағы аталған Бағдарламалар шеңберінде зерттеулердің өзекті нәтижелері, сондай-ақ келесі кезеңге арналған тақырыптық топтарды зерттеу жоспарлары ұсынылды.

ҚР ҰЯО өкілдері Қазақстанның Халықаралық энергетикалық агенттіктің токамак бағдарламасына қосылуға мүдделілігі мен дайындығы туралы мәлімдеме жасады . Бұл бастаманы ITPA және TCP-CTP бағдарламаларының мүшелері оң қабылдады. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытып, Қазақстан Республикасының қосылуына қолдау білдірді.

Бағдарламаға қатысушы елдерден ресми рұқсат алғаннан кейін Қазақстан атынан Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі бағдарламаға кіруге және оның толыққанды мүшесі болуға ресми шақыру жібереді деп күтілуде.

Отырыстарға қатысу ҚР ҰЯО қызметкерлеріне кәсіби байланыстарды нығайтуға, өзекті ғылыми деректерге қол жеткізуге және болашақта бірлескен зерттеулердің ықтимал бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.

ҚР ҰЯО халықаралық ынтымақтастықты дамыту және басқарылатын термоядролық синтез саласындағы жаһандық зерттеулерге Қазақстанның үлесін кеңейту бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.