Close

12.01.2026

Атом энергиясы институтының жұмыскерлеріне мемлекеттік ғылыми стипендиялар берілді

Байқау қорытындысы бойынша талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиялар директордың термоядролық зерттеулер жөніндегі орынбасары Бауыржан Жамбулович Чектыбаевқа және арнаішілік сынақтар зертханасының аға ғылыми қызметкері Қуаныш Қанатұлы Самархановқа берілді (ҚР ҒЖБМ 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 596 бұйрығы).

Бауржан Жамбулович 2019 жылы 6D072300 «Техникалық физика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «Плазмадағы және токамак қондырғысының бірінші қабырғасының бетіндегі процестерді диагностикалау әдістерін дамыту» тақырыбында диссертация қорғады. Оның ғылыми қызметі басқарылатын термоядролық синтездің ұлттық бағдарламасын дамытумен, зерттеу базасын құрумен және КТМ кешенінде эксперименттік зерттеулер жүргізумен байланысты. Қазақстан Республикасының жоғары температуралы плазма физикасы, оның диагностикасы, сондай-ақ токамак типті қондырғыларда зерттеулерді инженерлік және ғылыми-техникалық сүйемелдеу саласындағы жетекші мамандарының бірі. Web of Science және Scopus базаларында индекстелетін отандық және шетелдік журналдарда 50-ден астам ғылыми жарияланымдардың авторы және бірлескен авторы.

Қуаныш Қанатұлы 2025 жылы 8D05301 «Физика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «⁶Li(n,α)³H ядролық реакция өнімдерінің энергиясын оптикалық сәулелену энергиясына айналдыру процестерін эксперименттік зерттеу» тақырыбында диссертация қорғады. Оның зерттеулері филиалдың эксперименттік базасын дамытуға және төмен температуралы ядролық- қоздырылатын плазманы диагностикалау әдістерін жетілдіруге бағытталған. ИГР импульстік ядролық реакторының активті аймағында физикалық процестерді іске асыру үшін газ ортасын қоздыратын литий көзі бар эксперименттік құрылғыларды әзірлеуге айтарлықтай үлес қосты. Web of Science және Scopus-та индекстелетін 50-ден астам ғылыми жарияланымдардың, сондай-ақ өнертабысқа төрт патенттің авторы және бірлескен авторы.

Әріптестерімізді жеңістерімен құттықтаймыз! Жаңа кәсіби биіктерге және қызықты ғылыми нәтижелерге қол жеткізулеріңізді тілейміз!