Close

15.09.2021

Атом энергетикасы және термоядролық синтез сарапшылардың назарында

Курчатовта Семей сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған «Семей сынақ полигоны: ғылыми-техникалық әлеуеттің даму болашағы және мұрасы» атты IX халықаралық конференция өтті.

Халықаралық конференция жұмыс істеген жылдар ішінде дәстүрлі форумға айналды, онда әртүрлі елдердің ғалымдары мен мамандары атом энергетикасын, ядролық физиканы, радиациялық экологияны, медицина мен өнеркәсіптегі ядролық және радиациялық әдістерді дамытудың өзекті мәселелерін өнімді  талқылай алады.

Биылғы жылы конференция 2021 жылғы 7-9 қыркүйек аралығында онлайн режимінде әлемнің 20-дан астам елінен 250-ден астам ғылыми ұйымдардың, зерттеу институттарының, ЖОО-лар мен кәсіпорындардың мамандарының қатысуымен өтті.

«Атом энергиясы институты» филиалының базасында екі секция бойынша жұмыс жүргізілді. «Атом энергетикасын дамытудың заманауи үрдістері мен перспективалары» секциясының жұмысына Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония, Франция, Белоруссия, Бельгияның ірі ғылыми орталықтарының өкілдері – 70-ке жуық адам қатысты. 30-дан астам баяндама жасалды.

Секция қатысушылары ядролық зерттеу қондырғыларын дамыту және пайдалану, атом энергетикасының қауіпсіздігі, радиациялық материалтану, энергетиканың перспективалық материалдары және ПЯО мен РАҚ-пен жұмыс істеуге байланысты ғылыми зерттеулердің кең ауқымының нәтижелерін талқылады. Әлемдік ғылыми қоғамдастықтың атом энергетикасын дамыту саласындағы негізгі күш-жігері қазіргі уақытта барынша қауіпсіз, тиімді және экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті ядролық реакторлар жобаларын әзірлеуге, сондай-ақ қазіргі уақытта пайдаланылатын АЭС қауіпсіздігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.

«Басқарылатын термоядролық синтез технологиялары» секциясының жұмысы барысында мамандар басқарылатын термоядролық синтез қондырғыларын дамыту мен пайдалануға, конструкциялық және функционалдық материалдарды қолдануға, БТС физикалық-техникалық және инженерлік аспектілеріне байланысты зерттеулердің әртүрлі аспектілерін қарастырды. Белгілі болғандай, бұл тақырып ИТЭР құрылысына байланысты бүгінгі күні аса өзекті және сұранысқа ие.

Секция жұмысына 40-қа жуық адам қатысты, 22 баяндама жасалды.

Баяндамалардың жоғары ғылыми және эксперименттік деңгейін, тыңдаушылардың қызығушылығын, қызықтыратын сұрақтарға толық жауаптарды және жалпы мейірімді ахуалды атап өткім келеді.