Close

30.06.2025

JAEA, Marubeni Utility Service Ltd (MUS) және ҚР ҰЯО арасындағы техникалық кездесу

2025 жылғы 24-26 маусым аралығында Курчатов қаласында Жапонияның атом энергиясы агенттігінің (JAEA), жапондық Marubeni Utility Service Ltd (MUS) компаниясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының (ҚР ҰЯО) мамандары арасында post-EAGLE-3 халықаралық келісімшарт бойынша техникалық кездесу өтті. Келісімшартты іске асыру шеңберінде төртінші буын JSFR конструкциясын негіздеу үшін реакторішілік және реактордан тыс зерттеулер жүргізу мүмкіндігінің техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша жұмыстар орындалуда. ТЭН-ды орындағаннан кейін EAGLE-4 эксперименттік бағдарламасын жалғастыру туралы шешім қабылданады. JAEA командасында ҚР ҰЯО эксперименттік алаңдарында жүргізілетін жұмыстарға тапсырыс беруші және зерттеулердің кураторлары болып табылатын мамандар болды.

Техникалық кездесудің негізгі күн тәртібі есептік-теориялық зерттеулер жүргізудің күнтізбелік жоспарына сәйкес ТЭН-ның орындалатын кезеңдерінің мәртебесін анықтау, реакторішілік және реактордан тыс эксперименттік құрылғыларды жобалаумен, сондай-ақ оларды сынау режимдерін негіздеумен байланысты техникалық талаптар мен мәселелерді талқылау болды. Кездесудің бір бөлігі ТЭН кезеңдерінің орындалу мерзімдерін, ТЭН-да ұсынылуы тиіс есеп пен материалдардың құрылымын талқылауға арналды.  

Жалпы кездесу жоғары техникалық деңгейде өтті, JAEA серіктестері техникалық мәселелер шеңберін тиімді талқылауға қатысты оң бағаларын берді және жұмыс кезеңдерін орындау мерзімдерінің қысқа болуына қатысты мәселелерді түсінгендерін растады.

 Кездесу қорытындысы бойынша хаттама шығарылды, онда тараптар ары қарайғы әрекеттері мен міндеттемелері туралы уағдаласты.