ИГР реакторының ЖБУ-отынын қайта буып-түю үшін радиациялық-қорғау боксының зауыттық қабылдау сынақтары сәтті аяқталды
9-13 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының (ҚР ҰЯО) мамандары ИГР зерттеу реакторының жоғары байытылған уран отынын қайта буып-түю процесінің негізгі технологиялық компоненттерінің бірі – радиациялық-қорғау боксының зауыттық қабылдау сынақтарына қатысты.
Радиациялық-қорғау боксын Isotope Technologies Dresden неміс компаниясы (ITD, Дрезден қ., Германия) жобалап және дайындаған.
Сынақтар барысында жабдықтың техникалық және функционалдық сипаттамаларын бағалауға бағытталған тексерулердің едәуір көлемі орындалды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша бокстың техникалық тапсырма талаптарына сәйкестігі расталды.
Зауыттық қабылдау сынақтарын табысты аяқтау жабдықты одан әрі ИГР зерттеу реакторы кешенінде пайдалануға дайындаудың маңызды кезеңі болып табылады.
Келесі кезеңдер жабдықты бөлшектеу, оны буып-түю және Қазақстанға тасымалдау болады, одан кейін ИГР кешенінде радиациялық-қорғау боксын түпкілікті құрастыру және монтаждау жүргізіледі.
