JAEA, MUS және ҚР ҰЯО мамандарының техникалық кездесуі өтті
2026 жылғы 13-15 сәуір аралығында Курчатов қаласында JAEA, MUS және ҚР ҰЯО мамандарының жетінші техникалық кездесуі өтті. Кездесу төртінші буын JSFR реакторының құрылымын негіздеу үшін көпжылдық зерттеулердің жалғасы болып табылатын және ҚР ҰЯО қондырғыларында реакторішілік және реактордан тыс эксперименттер жүргізуді көздейтін EAGLE-4 эксперименталдық бағдарламасының жаңа Келісімшартының құжаттарын дайындауға арналды. Техникалық кездесудің негізгі күн тәртібі: Келісімшарт жобасының түпкілікті нұсқасы, Ынтымақтастық туралы меморандум және Атқару келісімі тармақтарының мәтіндерін құқықтық және қаржы-экономикалық аспектілерде талқылау және келісу, Техникалық ерекшеліктің талаптарын растау, нәтижелерді ұсыну және қаржылық есептерді негіздеу, қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алу рәсімін жүзеге асыру кезінде ықтимал тәуекелдерді айқындау және сипаттау болып табылады.
JAEA командасын жұмыстардың тапсырыс берушілері және зерттеулердің кураторлары болып табылатын техникалық мамандар, сондай-ақ тікелей қатысушылар – JAEA халықаралық бөлімінің қызметкерлері ұсынды.
Жалпы, кездесу жоғары техникалық деңгейде өтті, JAEA серіктестері қажетті мәселелер мен келісімшарттық міндеттемелер шеңберін тиімді талқылауға қатысты өздерінің оң бағаларын берді. Тараптар келісімшартты орындауға, эксперименттер жүргізудің күнтізбелік жоспарын орындаудың мерзімдері мен қатаң шарттарына байланысты проблемаларды түсінуді растады.
Кездесу қорытындысы бойынша хаттама шығарылды, онда тараптар алдағы іс-қимылдар мен міндеттемелер туралы келісті. JAEA мен ҰЯО бірлескен командасының таяу уақыттағы негізгі міндеті 2026 жылғы маусым-шілдеге белгіленген ұйымдар басшыларының қол қоюы үшін құжаттар топтамасын жедел дайындау болып табылады.

