Close

14.10.2022

SAIGA бірлескен қазақстандық-француздық зерттеу бағдарламасын іске асыру

2022 жылғы 10-13 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында ҚР ҰЯО мамандары мен Францияның Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатының (CEA) техникалық кездесуі өтті, оның барысында тараптардың екі жақты шарт шеңберінде келісілген өзара міндеттемелерін орындау жөніндегі істері мен жоспарларының ағымдағы жай-күйі мәселелері талқыланды, оның пәні ретінде бірлескен қазақстандық – француздық SAIGA зерттеу бағдарламасы болып табылады.

Бағдарлама ASTRID (Франция) жылдам нейтрондардағы реактор жобасын қолдау үшін эксперименттік зерттеулер жүргізуге, атап айтқанда, реактордың активтік аймағы арқылы жылутасымалдағыш шығынының қорғалмаған жоғалуымен (ULOF) авариялар дамыған кезде пайда болатын процестерді модельдейтін жағдайларда ASTRID реакторының отынының әрекетін зерттеу үшін экспериментті ИГР реакторында дайындауға және өткізуге бағытталған.

Тараптар жобалау бойынша орындалған жұмыстардың нәтижелеріне, ілмекті натрий контурына, эксперименттік құрылғыға, сондай-ақ оның физикалық макетіне қатысты техникалық мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, эксперименттік құрылғы мен ілмекті натрий контурын параметрлерді өлшеу құралдарымен жабдықтау және тағы басқалар қарастырылды.

Кездесу барысында СЕА және ҚР ҰЯО мамандары ASTRID реакторының отынына сынақтар жүргізу кезінде эксперименттік жабдықтың жұмыс режимін таңдау және негіздеу үшін орындалған жылу-гидравликалық және нейтрондық-физикалық есептеулердің нәтижелерін, сондай-ақ эксперименттік құрылғының отында энергия бөлу қуаты мен температураның берілген мәндерін іске асыруды қамтамасыз ететін ИГР реакторының жұмыс режимін талқылады. Бұл ретте эксперименттерді дайындау мен өткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Француз мамандары ҚР ҰЯО-да орындалған зерттеулердің нәтижелерін жоғары бағалады және реакторлық эксперимент дайындау бойынша болашақ іс-шараларды іске асыру жоспарларын оң қабылдады.

 Айта кету керек, COVID-19 пандемиясымен байланысты бетпе-бет байланыстарға ұзақ уақыт тыйым салғаннан кейін бұл кездесу СЕА және ҚР ҰЯО мамандары бір-бірімен қол алыса алған бірінші кездесу болды.