Close

24.06.2022

EAGLE халықаралық бағдарлама аясында ID-7 реакторішілік эксперименті жүзеге асырылды

2022 жылғы 22 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы ИГР зерттеу реакторы кешенінің базасында ID-7 реакторішілік эксперименті сәтті өткізілді. Эксперименттің мақсаты реакторды басқару және қорғау жүйесін реттеу өзегінің бағыттаушы құбырына орнатылған демпферлік құрылғының ауыр авария жағдайында активті аймақтың балқытылған материалдарының ағу параметрлеріне әсерін зерттеу үшін қажетті эксперименттік деректерді алу болып табылады. Реакторлық іске қосу бағдарламасында айқындалған міндеттер толық көлемде орындалды, реакторлық кешеннің барлық жүйелері штатпен жұмыс істеді.

Бұл іс-шара көпжылдық EAGLE зерттеу бағдарламасының маңызды кезеңінің аяқталғанын атап өтті. EAGLE жобасы бойынша зерттеулер 1995 жылы жапондық атом энергетикалық компаниясының тапсырысымен басталды және натрий жылу тасымалдағышы бар перспективалы жылдам нейтронды реактордың қауіпсіздігін негіздеуде реакторішілік эксперименттер жүргізуді қамтыды. 1998 жылы бағдарлама реактордан тыс эксперименттерді қосу есебінен кеңейтілді. Ол үшін Ұлттық ядролық орталықта бір жыл ішінде дәл осындай атаумен бірегей стенд құрылды. Бағдарлама шеңберіндегі зерттеулер кезең-кезеңімен жүзеге асырылды: 1996-2006 жылдары – EAGLE-1 жобасы, 2007-2014 жылдары – EAGLE-2 жобасы іске асырылды. Қазіргі уақытта EAGLE-3 жобасы бойынша зерттеулер аяқталуға жақын.

Жұмыстарды іске асыру барысында алынған бірегей эксперименттік деректер модельдеу критерийлерін нақтылау және болашақ перспективалы реакторлардың оңтайлы және қауіпсіз конструкциясын әзірлеу үшін пайдаланылады.

ИГР кешенінде ID-7 тәжірибелік құрылғысын құрастыру процесі
ИГР зерттеу реакторы кешенінде ID-7 реакторішілік экспериментке дайындық процесі