Close

28.02.2022

Сутегін алудың жаңа технологиясын әзірлеуді қолдау

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Төлеген Мұхтар Әділбекұлы басқарған және Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті өкілдерінің делегациясы 2022 жылдың 20-23 ақпаны аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында болды. Бұдан бөлек, сапар бағдарламасында «Қазақстан Республикасында баламалы энергетиканы дамыту үшін сутегін өндіру және сақтау технологияларын әзірлеу» бағдарламалық–мақсатты қаржыландырудың ғылыми-техникалық бағдарламасын іске асыруды талқылау мақсатында Атом энергиясы институты филиалының жұмыскерлерімен техникалық кездесу өткізу де қамтылған. Плазмалық технологияларды, сутегі мен қатты оксидті отын элементтерін сақтауға арналған сорбциялық-активті материалдарды қолдана отырып, сутегін алу процестерін зерттеу 2021 жылдың қазанында басталды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің мақсаты сутегін алудың жаңа технологиясын әзірлеу және жоғары сорбциялық қасиеттерімен және термоциклдік тұрақтылығымен ерекшеленетін, сутегін сақтауға және тасымалдауға арналған титан интерметаллидтері негізіндегі сутегін жинақтаушы композициялық материалдарды енгізу болып табылады. Жоғары оқу орындарының өкілдері сутегі энергетикасы учаскесінде және материалтану зерттеулері кешенінде болып, жұмыстарды орындау үшін тікелей қолданылатын ғылыми жабдықтармен танысты. Сапар нәтижесінде зерттеулердегі жаңа бағыттарды бірлесіп жүзеге асыру бойынша бірнеше келісімдер жасалды.