Close

22.04.2025

Сутегі энергетикасы саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелері бойынша онлайн-семинар өткізілді

2025 жылғы 15 сәуірде «Сутегі энергетикасын дамыту саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық» тақырыбында онлайн-семинар өтті. Іс-шара ҚР ҰЯО РМК, China Energy компаниясы және Шанхай Цзяотун университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның міндеттерін іске асыру шеңберінде өтті.

Семинардың мақсаты өзара іс-қимылдың басым бағыттарын талқылау және Курчатов қаласында Орталық Азияның сутегі энергетикасының ғылыми-техникалық инновациялық орталығын құру бойынша Жол картасына енгізу үшін ұсыныстар қалыптастыру болды.

Семинарға қатысушылар сутегі технологияларын дамытуға бағытталған өз қызметінің нәтижелері бойынша баяндамаларын ұсынды. Семинар қорытындысы бойынша жол картасын әзірлеу нысаны мен мерзімі, Курчатов қаласына сапары бойынша бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді және сутегі энергетикасы үшін ғылыми кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамыту механизмі талқыланды.

Онлайн-семинар халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы және «жасыл» энергетика саласындағы бірлескен ғылыми-техникалық күш-жігерді үйлестірудегі маңызды кезең болды. Жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда және Курчатов қаласында бірлескен орталық құру жөніндегі бастаманы іске асыру практикалық мазмұнға ие болуда.