Close

02.12.2024

 «Жас Сәтбаевшылар» жас ғалымдардың І конгресі

2024 жылғы 21-22 қараша аралығында Алматы қаласында ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының қолдауымен көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Жас Сәтбаевшылар» Қазақстан жас ғалымдарының I конгресі өтті. Конгреске Қазақстанның 1000-нан астам жас ғалымдары, зерттеушілері, оның ішінде шет елдерде табысты жұмыс істейтін ғалымдар қатысты, олар өздерінің инновациялық әзірлемелерін ұсынды және елдегі ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев өзінің құттықтау сөзінде жас ғалымдардың Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы рөлінің маңыздылығын атап өтті. Конгресте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөздері оқылды. Конгресс отандық ғылымды дамытудың негізгі мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды. Қатысушылар ғылыми зерттеулердің басымдықтарын талқылап, елдің қажеттіліктеріне сәйкес келетін ғылыми қызметтің анағұрлым перспективалы бағыттарын анықтады.

ҚР ҰЯО РМК ИАЭ филиалының қызметкерлері сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзыреттер орталығының директоры Миниязов Арман Жанарбекұлы «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру» секциясына, сондай-ақ перспективалық материалдар зертханасының бастығы Мухамедова Нурия Мейрамкановна мен сәулелендіруші қондырғылардың жылу физикалық және нейтрондық-физикалық сипаттамаларын зерттеу зертханасының бастығы Иркимбеков Руслан Александрович осы конгреске «Энергия, озық материалдар және көлік» бағыты бойынша секциялық конференцияға спикер ретінде қатысты.