Франция және CEA елшілерінің келуі
2026 жылғы 26-27 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында Францияның Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариаты (CEA) мамандарының қатысуымен Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі бастаған француз делегациясы болды.
Сапар танысу сипатында болды және екіжақты ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды. Француз делегациясына ҚР ҰЯО-ның эксперименттік мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ Орталықтың ғылыми инфрақұрылымының негізгі нысандарын, соның ішінде ИГР және ИВГ.1М зерттеу реакторларын, «Ангара» және EAGLE стендтерін, сондай-ақ KTM токамагын аралау ұйымдастырылды.
Сапар бағдарламасы аяқталғаннан кейін техникалық кездесу өтті, оның барысында тараптар ҚР ҰЯО мен CEA арасындағы өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйін, сондай-ақ әрі қарайғы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
Келіссөздерде әріптестіктің негізгі элементтерінің бірі болып қала беретін SAIGA бірлескен бағдарламасын іске асыру маңызды болды. SAIGA жобасы шеңберінде жұмыстарды дамыту бойынша қол қойылған өзара түсіністік туралы Меморандум ынтымақтастықтың жаңа кезеңі үшін негіз болады, оның келесі қадамы қолданыстағы келісімшартқа қосымша келісім дайындау және оған қол қою.
Осы уақытқа дейін жоба шеңберінде маңызды нәтижелерге қол жеткізілді: реакторішілік эксперименттік құрылғы мен оның физикалық макеті үшін отын дайындалды, физикалық макеттің өзі жасалды, сондай-ақ эксперименттік құрылғының отынындағы энергия бөлінуінің реактордың белсенді аймағындағы энергия бөлінуіне арақатынасын анықтауға бағытталған ИГР реакторында физикалық зерттеулер жүргізілді.
Сондай-ақ тұзақты натрий контуры әзірленді, ол монтаждау сатысында тұр. ҚР ҰЯО мамандары жобаны одан әрі ілгерілету үшін қажет есептік, талдамалық және негіздеу жұмыстарының едәуір көлемін орындады. Эксперименттің қауiпсiздiгiн негiздеу үшiн жаңа есептеулер жүргiзуге дайындық жалғасуда.
Тараптар атом энергетикасының қауіпсіздігі саласындағы бірлескен зерттеулерді кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарының қатарында EAGLE қондырғысындағы ауыр аварияны модельдеу кезінде шапшаң реактор кориумының бөлшектелуін зерттеу, сондай-ақ натрий ағынының жану процестерін эксперименттік зерттеу белгіленген.
Шағын модульдік реакторларды құру және олардың қауіпсіздігін негіздеу, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, басқарылатын термоядролық синтез және радиоэкология мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу шеңберінде Курчатов ғылым қалашығын дамыту мәселелері де талқыланды. Қазақстандық тарап үшін ғылыми-технологиялық кластерлерді қалыптастырудағы француз тәжірибесі елеулі қызығушылық тудырады. Мысал ретінде аумағында ИТЭР халықаралық жобасы мен CEA зерттеу бөлімшелері орналасқан Қадараш ғылыми орталығы атап өтілді. Француз тарапы ҚР ҰЯО мамандарын аталған инфрақұрылымның мүмкіндіктерімен және осындай ғылыми алаңдарды дамыту тәсілдерімен таныстыруға дайын екенін атап өтті.
Сапардың арқасында тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға, бірлескен зерттеулерді жалғастыруға және Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының эксперименттік базасында жаңа жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады. Кездесу барысында жақын арада ҚР ҰЯО алаңында іске асырылуы мүмкін әлеуеті жоғары кем дегенде екі жоба анықталды.







